Алматы тұрғыны жасөспірімдердің ұлы мен одан да кіші балаларға ұзақ уақыт бойы әлімжеттік көрсеткенін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Оқиға Тастақ ауданында болған.
"Ұлым 11 жаста. Баламның өз үйінің ауласында не көргенін елестетіп көріңіздерші… 13–14 жастағы жасөспірімдер бір айдан астам уақыт бойы балаларға әлімжеттік көрсеткен. Ұлымның іші мен бүйрек тұсынан ұрып, балағаттаған. Сайраннан аулап, аулаға әкелген шикі балықты оның аузы мен құлағына тыққан. Мұның бәрін басқа балалар да көрген. Олар балаларды бір-бірімен төбелесуге мәжбүрлеген. Бүкіл аула қорқынышта өмір сүрді. Бұл бір күн ғана болған жағдай емес", – деп жазды Threads қолданушысы.
Әйел балалардың осы жасөспірімдерден көрген қысымы туралы айтқан видеосын да жариялаған. Видеода балалар жасөспірімдердің оларды қорқытып, өз достарын ұруға мәжбүрлегенін жеткізген.
Әйелдің айтуынша, ол басқа ата-аналармен бірге полицияға арыз жазған. Алайда бірнеше күн бойы олармен ешкім байланыспаған.
Бұл оқиға қазақстандықтардың ашуын туғызды.
Желі қолданушылары мынадай пікірлер қалдырған:
- "Кәмелетке толмаған бұзақыларды жасөспірімдерге арналған колонияға қамау керек. Бұл не сұмдық?! Ертең кек алу үшін бұдан да жаман нәрсе жасамасына кім кепіл?"
- "Сұмдық! Балаға обал болды. Жәбір көрсеткендер заң бойынша жазалансын".
- "Мұны жай қалдырмаңыздар. Барлық жерге дабыл қағыңыздар, мектебіне, үйірмелеріне хабарлаңыздар".
- "Ересектерше қылмыс жасаса, ересектерше жазалансын!"
- "Не деген сұмдық! Ата-аналары қайда қарап отыр?!"
Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл дерек бойынша Алмалы аудандық полиция басқармасына қарасты полиция бөлімі тексеру жүргізіп жатқанын хабарлады.
"Оқиғаның мән-жайы жан-жақты әрі объективті зерттеліп, оған қатысқандардың барлығы анықталады. Құқыққа қайшы әрекеттер расталса, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдеріне қатысты заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады. Сондай-ақ жасөспірімдерді белгіленген тәртіппен профилактикалық есепке қою мәселесі қаралады", – делінген полиция түсініктемесінде.
Жетісу облысында мектеп оқушылары арасындағы жанжал олардың бірінің өлімімен аяқталған еді.
Источник: Zakon.kz · Айгерим Тарина
