
Қырғызстанда әлемге әйгілі Backstreet Boys тобы, оңтүстіккореялық BTS және америкалық әнші Дженнифер Лопестің концерттері өтуі мүмкін. Бұл туралы продюсер Ислам Сатаров «ЭлТР» телеарнасының эфирінде мәлімдеді, деп хабарлайды Kursiv LifeStyle.
Продюсердің айтуынша, Backstreet Boys тобының өкілдерімен келіссөздер аяқталған. Ұйымдастырушылар америкалық топтың Бішкекте екі күн қатарынан концерт беруін жоспарлап отыр.
«Концерт екі күнге созылады. Билет бағасы Мирбек Атабековтің концертіне сатылған билеттерден қымбат болмайды», – деді Ислам Сатаров.
Алайда продюсер Backstreet Boys концерті нақты қашан өтетінін айтқан жоқ.
Сонымен қатар ұйымдастырушылар Дженнифер Лопес пен BTS тобының өкілдерімен келіссөз жүргізіп жатыр. Алдын ала жоспар бойынша оңтүстіккореялық BTS тобы Қырғызстанға 2027 жылдың күзінде келуі мүмкін.
Аталған концерттердің барлығын Бішкектегі «Бішкек Арена» стадионында өткізу жоспарланған. Дегенмен әзірге әртістердің концерттері ресми түрде расталған жоқ.
Айта кетейік, 18 қазанда «Бішкек Аренада» колумбиялық әнші Шакираның концерті жоспарланған. Ал Backstreet Boys тобы мен Дженнифер Лопес бұған дейін Астана мен Алматыда өнер көрсеткен.
Источник: Курсив · Рауан Мутаир
