Солтүстік Қазақстан облысында жол апатынан үш адам қайтыс болды. Бұл туралы өңірлік полиция департаментіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Ведомство баспасөз қызметінің дерегінше, 15 қазанда сағат 08:00 шамасында республикалық маңызы бар Петропавл – Көкшетау тасжолында, Кременчуг ауылының маңында үш жеңіл автокөлік пен екі КамАЗ жүк көлігі соқтығысқан.
Жол апаты салдарынан Audi жеңіл автокөлігінің үш жолаушысы алған жарақат салдарынан қайтыс болды. Көлік жүргізушісі мен тағы бір жолаушы медициналық мекемеге жеткізілді, оларға қажетті көмек көрсетіліп жатыр.
Өзге көлік құралдарының жүргізушілері зардап шеккен жоқ.
Қазіргі уақытта көлік құралын басқаратын адамдардың жол жүру ережесін бұзуы салдарынан екі және одан да көп адамның абайсызда қайтыс болуы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық себебі мен мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтау үшін сараптамалар тағайындалды.
Өңірлік білім басқармасы Telegram-дағы Halyqstan арнасына пікір білдірген. Ондағы дерек бойынша, апат салдарынан балабақша директоры мен екі тәрбиеші қайтыс болған. Ведомство қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтты.
Сондай-ақ марқұмдар сапарға жұмыс бабымен шықпағаны да атап өтілген.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Источник: Nur.kz · Айтолқын Адырбай
