«Әлемге әйел көшбасшылар көбірек қажет»: Be Woman Asia-да қандай мәселелер көтерілді

15.10.2026 12:43 · Ступени

«Әлемге әйел көшбасшылар көбірек қажет»: Be Woman Asia-да қандай мәселелер көтерілді

Алматыда әлемнің 25 елінен келген саясат, бизнес, ғылым және мәдениет өкілдері бас қосты. Be Woman Asia 2026 форумында жасанды интеллектінің ықпалы, әйелдер көшбасшылығы және этикалық күш мәселелері талқыланып жатыр. Форум спикерлері қатарында Камбоджа министрі Инг Канта Пави, екі мәрте «Оскар» алған режиссер Шармин Обейд-Чиной және Zuckerberg Media компаниясының бас директоры Рэнди Цукерберг бар. Ulysmedia.kz тілшісі сарапшылардың форумда айтқан негізгі ойларын жинақтады.

Биылғы форум былтырғыдан өзгерек: кімдер қатысты?

Бүгін Алматыда  Be Woman Asia 2026 форумы өтіп жатыр. Бұл жолғы форумның тақырыбы – «Этикалық күш». Қатысушылар жасанды интеллектіні қолданудағы жауапкершілікті, технологиялардың қоғамға ықпалын және жаңа дәуірдегі көшбасшылықты талқылады.

Форумға Камбоджа Корольдігінің әйелдер істері жөніндегі министрі Инг Канта Пави, Facebook Live жобасын жасаушылардың бірі және «Оскар» сыйлығының екі дүркін иегері  және Mosaic браузерін әзірлеуге қатысқан кәсіпкерлер секілді халықаралық деңгейдегі спикерлер қатысуда. 

Сонымен қатар, Қазақстаннан ғарышқа ұшқан алғашқы әйел турист Данна Қарағұсова, онколог-ғалым Диляра Қайдарова, қоғам қайраткері Ләззат Қалтаева және Ferragamo брендінің аға дизайнері Абзал Исабеков қатысады. Форумға Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан өкілдері де қосылады.

Тәжірибе мен идея алмасатын алаң

Форумның ашылу салтанатында Қазақстанның мәдениет вице-министрі Евгений Кочетов сөз сөйлеп, вице-президент Ерлан Кариннің құттықтау хатын оқып берді.

Евгений Кочетов. фото: Ulysmedia.kz

Құттықтау хатта Қазақстанның әйелдер көшбасшылығын дамытудағы рөлі мен гендерлік теңдік мәселелеріне назар аударылды. Сондай-ақ әйелдердің мемлекеттік басқару мен қоғамдық өмірдегі орны, олардың жетістіктері және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мәселелері сөз болды.

«Бүгін бұл залға әлемнің белсенді әрі қоғамға бейжай қарамайтын әйелдері жиналды. Орталық Азиядағы басты форум болашақты айқындайтын көшбасшыларға арналған. Мұндай форумның Қазақстанда өтуі кездейсоқ емес.

Елімізде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында прогрессивті заңнама қабылданды. Жақында сайланған Қазақстан Республикасының жоғары заң шығарушы органы – Құрылтай құрамындағы әйелдердің үлесі шамамен 34 пайызды құрайды. Бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы және Орталық Азия елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш.

Әрине, гендерлік теңдік пен әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға қатысты өзекті мәселелер әлі де бар. Сондықтан осындай алаңдардың маңызы зор. Олар тәжірибе мен идея алмасуға, шабыт алуға, жаңа байланыстар орнатып, жобалар мен мүмкіндіктер жасауға жол ашады», – делінген құттықтау хатта.

Сонымен қатар, форумда Камбоджа Корольдігінің әйелдер істері жөніндегі министрі Инг Канта Пави де сөз сөйледі. Ол жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың экономиканы, еңбек қатынастарын, коммуникация мен басқару тәсілдерін өзгертіп жатқанын айтты.

Инг Канта Пави. фото: Ulysmedia.kz

«Бүгінде инновациялар бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып келеді. Алайда ауқымды өзгерістер жағдайында бір маңызды сұрақ туындайды: біз қандай болашақ құрып жатырмыз және оны кім айқындайды?

Технологиялар қоғамды түбегейлі өзгерте алады. Бірақ осы өзгерістердің игілігін кім көретінін көшбасшылық айқындайды. Ықпал көбіне экономикалық қуатпен, технологиялық әлеуетпен немесе саяси салмақпен өлшенеді. Алайда шынайы әрі этикалық күш жауапкершілікке, баршаға тең мүмкіндік беруге, адалдыққа және прогрестің игілігін әр адам сезінуі үшін батыл шешім қабылдауға негізделеді», – деді министр.

«Орталық Азия елдері бірге дамуы керек»

Форумда Орталық Азияға қатысты өзекті мәселелердің барлығы дерлік қамтылды деуге болады. Әйелдердің бір-біріне қолдау көрсетуінен бастап, бизнес, ғылым, стартаптар, жасанды интеллект пен денсаулық сақтау салаларына дейінгі түрлі тақырыптар талқыланды. Солардың бірі – «Мәдениеттің күші: Орталық Азия өз геобрендін қалай қалыптастырады?» атты панельдік сессия. Онда өңір елдерінің мәдени мұрасын халықаралық деңгейде таныту, туризмді дамыту және ортақ жобалар арқылы Орталық Азияның беделін арттыру мәселелері талқыланды.

Өзбекстан Республикасы Мәдениет және өнерді дамыту қорының төрайымы, Президент Әкімшілігінің Креативті экономика және туризм департаментінің басшысы Гаянэ Умерова Қазақстан мен Өзбекстанның мәдени жаңғыру кезеңін қатар бастан өткеріп жатқанын айтты. Оның сөзінше, екі ел мәдени бірегейлігін сақтай отырып, ынтымақтастықты нығайтуы керек. Ол сондай-ақ әйелдердің мәдени дипломатия мен креативті экономикадағы рөліне тоқталып, Орталық Азия мемлекеттерін бір-бірінің мәдени бастамаларын қолдауға шақырды.

 Гаянэ Умерова. фото: Ulysmedia.kz

«Экономикалық даму тұрғысынан Қазақстан ұзақ уақыт бойы Өзбекстаннан алда болды. Бүгінде екі ел де мәдени жаңғыру кезеңін бастан өткеріп, заманауи өнерді дамытып жатыр. Өзбекстандағы мәдени жаңғыру 2017 жылы жаңа президенттің билікке келуімен басталды. Ал қазір әйелдер де мәдени дипломатия мен креативті экономикаға, соның ішінде дәстүрлі қолөнер арқылы белсенді араласып келеді. Өзбекстан Олий Мәжілісінің Заң шығару палатасындағы депутаттардың 38 пайызы – әйелдер», – деді ол.

Кәсіпкер әрі First Media Group компаниясының негізін қалаушысы әрі Қазақстаннан ғарышқа ұшқан алғашқы әйел турист Данна Қарағұсова Орталық Азия елдері туризм мен мәдени іс-шараларды дамытуда күш біріктіруі қажет екенін айтты. Оның пікірінше, өңір мемлекеттері мәдени іс-шаралар күнтізбесін үйлестірсе, туристер бір сапар барысында бірнеше елді аралай алады. Қарағұсова ірі халықаралық іс-шараларды ұйымдастыруда жеке бизнес пен мемлекеттің серіктестігі маңызды екенін де атап өтті.

Данна Қарағұсова. фото: Ulysmedia.kz

«Менің ойымша, Орталық Азия елдері бірге дамуы керек. Біздің өңірге туристердің жетуі оңай емес. Сондықтан мәдени іс-шаралар күнтізбесін үйлестіріп, адамдар бір сапарында Қазақстанды, Өзбекстанды және Қырғызстанды аралай алатындай жағдай жасау маңызды. Мемлекет пен жеке бизнес күш біріктіруі қажет. Бизнестің ірі іс-шараларды ұйымдастыруда кәсіби тәжірибесі бар, ал мемлекеттік қолдау әлемдік әртістерді билет бағасын шамадан тыс көтермей шақыруға мүмкіндік береді», – деді Қарағұсова.

«Орталық Азияда әйел журналистердің 75 пайызы түрлі қысымға тап болады»

Форумда Ulysmedia.kz сайтының негізін қалаушы әрі бас редакторы Самал Ибраева қазақтілді медианың дамуы, қоғам мен билік арасындағы ашық диалогтың маңызы, журналистік этика, сөз бостандығы және әйелдер құқығын қорғау мәселелері туралы сөз сөйледі.

Ибраеваның айтуынша, журналист ықпалды адамдардың қысымына қарамастан, қоғамдық маңызы бар мәселелерді көтеріп, шындықты айтудан бас тартпауы керек. Ол Орталық Азиядағы әйел журналистердің 75 пайызы түрлі қысым түрлеріне тап болатынын айтып, олардың қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеру мен әйелдер құқығын қорғаудағы рөліне назар аударды.

Самал Ибраева. фото: Ulysmedia.kz

«Мен әлемге әйел көшбасшылар көбірек керек екеніне сенімдімін, әсіресе саясат пен басшылық қызметтерде.  Журналистің этикалық күші – шындықты айту, ұлттық мүддені қорғау және адам тағдырына бейжай қарамау. Этикалық ұстаным дегеніміз – шындықты саудаламай, барлық мәселе туралы бірдей адал айта білу. Менің деректерім бойынша, Орталық Азиядағы әйел журналистердің 75 пайызы түрлі қысым түрлеріне тап болады. Соған қарамастан, олар маңызды қоғамдық мәселелерді көтеріп, соның ішінде әйелдер құқығын қорғауды жалғастырып келеді», – деді журналист.

Сондай-ақ Самал Ибраева Жеңіс есімді әйелдің тағдырын мысалға келтірді. Әділетсіздіктің құрбаны болған жанның оқиғасынан қоғам қандай сабақ ала алатынын айтты.

«Мен өз сөзімді Жеңіс есімді әйелдің рухына арнағым келеді. Ол 20 жылдық некеден кейін, үш баласы мен жеке кәсібі бола тұра, отбасындағы ауыр жағдайға және сот процестеріне тап болды. Өкінішке қарай, кейін ол өмірден өтті. Оның оқиғасы әйелдерді әділетсіздікпен жалғыз қалдырмаудың қаншалықты маңызды екенін еске салады. Мен ықпалды адамдарға ұнау үшін үнсіз қалмаймын. Отбасын бұзатын және неке институтына деген сенімді әлсірететін жағдайлармен татуласып, үнсіз қалмауымыз керек. Әйелдерге айтар басты ойым, әділдік пен өз бақытыңыз үшін күресіңіздер», – деді Самал Ибраева.

Айта кетейік, форум әлі де жалғасуда, алда Facebook компаниясының алғашқы қызметкерлерінің бірі, Zuckerberg Media компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Рэнди Цукерберг пен режиссер, екі мәрте «Оскар» сыйлығының иегері, бірнеше мәрте «Эмми» сыйлығын алған Шармин Обейд-Чиной форумда сөз сөйлейді.

Источник: Ulysmedia