Танымал әнші Сәкен Майғазиев композитор әрі әнші Арман Дүйсеновті еске алды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында марқұм Арман Дүйсеновпен бірге түскен суретін жариялап, оны еске алу кешіне қатысу үшін Оралға барғанын айтты.
«Қайран, Арекем. Арман Дүйсенов досымызды еске алу кешіне Оралға ұшып бара жатырмын. Оралдықтар, кездескенше!», – деді әнші.
Орал қаласында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор әрі әнші Арман Дүйсеновті еске алуға арналған «Арман» атты концерт өтті.
Еске алу кешіне Айгүл Иманбаева, Ақбота Керімбекова, KeshYou тобы, Жұбаныш Жексенұлы, Ажар Назар сынды өнер жұлдыздары қатысып, композитордың шығармаларын орындады.
Кеш соңында Арман Дүйсеновтің жары көпшілікке және марқұмның өнердегі достарына ерекше алғысын білдірді. Жұбайын еске алып, жүрекжарды сөздерін жеткізген сәтте көзіне жас алды.
«Біздің отбасы үшін, әкесін сағынатын қызға, әкесін іздейтін ұлға мына кеш жұбаныш болды. Еңсеміз көтеріліп қалды. Алла разы болсын», – деді Арман Дүйсеновтің жары.
Ол еске алу кешіне қатысып, қолдау көрсеткен барша өнер иелері мен көрермендерге ризашылығын білдірді.
Источник: Skif News · Сағыныш Назар
