Астанада жетінші сыныпта оқитын екі оқушысы аялдамадағы бейнебақылау камерасын бүлдірген. Оқиғадан кейін жасөспірімдерге профилактикалық жұмыс жүргізілді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ішкі істер министрлігінің ақпараттық медиапорталының хабарлауынша, кәмелетке толмағандар Дәурен көшесіндегі аялдамада орнатылған бейнебақылау камерасын қасақана зақымдаған.
"Аталған факті бойынша оқушылармен профилактикалық жұмыс жүргізіліп, оларға Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптары, сондай-ақ бөтеннің және қоғамдық мүлікті қасақана зақымдағаны немесе жойғаны үшін жауапкершілік көзделгені түсіндірілді. Әсіресе қоғамдық орындарда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін орнатылған бейнебақылау жүйелерінің маңызы атап өтілді. Мұндай нысандарды бүлдіру материалдық залал келтіріп қана қоймай, қоғамдық қауіпсіздікке де кері әсерін тигізуі мүмкін", – дейді ІІМ өкілдері.
Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың ата-аналарына қатысты заң аясында шара қолданылды.
Полиция қоғамдық және бөтеннің мүлкін бүлдіру немесе жою — заңда тыйым салынған әрекет екенін ескертеді. Кәмелетке толмағандардың заңға қайшы әрекеттері олардың ата-аналары мен заңды өкілдерінің де жауапқа тартылуына әкеп соғуы мүмкін.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Источник: Nur.kz · Эльмира Асқарқызы
