«Торттың кесірінен ажырасады»: Жанар Айжанова тойдағы дәстүрді сынады (ВИДЕО)

13.10.2026 05:14 · Персонально

«Торттың кесірінен ажырасады»: Жанар Айжанова тойдағы дәстүрді сынады (ВИДЕО)

Танымал әнші әрі актриса Жанар Айжанова үлкен тойларда жас жұбайлардың торт кесу дәстүріне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Өнер иесі бұл рәсім кейде жас отбасылардың арасына түсіп, тіпті ажырасуға дейін жеткізуі мүмкін екенін айтты. Бұл туралы ол «Айтарым бар» бағдарламасына берген сұхбатында сөз қозғады.

Әншінің пікірінше, торт кесу рәсімі кезінде екі жақтың ата-аналары арасында түсініспеушілік туындап, соның салдарынан жанжал шығуы мүмкін.

«Әлеуметтік желіні ашсаң, торт деген бәле болды. Осы тортты бермесе екен деп ойлаймын. Тойда көп жүремін. Сол тортты берсе екен, “Екі жастың тәтті торты келе жатыр” деп ананың әке-шешесі жетіп келеді, мынаның әке-шешесі жетіп келеді. Торттың кесірінен қырғын болып, ажырасуға дейін барады.

Торт жемей жүргендей, екі жастың тортына құрып кеткір! Екеуі ауыз тисін де, даяшыға берсін, барлығымыз ауыз тиеміз. Әке-шешеге емес, ырым болсын, жұғысты болсын деп кішкентай баланы шақырып берсін.

Жалғыз қазақ елінде емес, көп жерде торттың әңгімесі солай. Қазіргі заманның тозығы – тортты беру деп айтатын едім», – деді Жанар Айжанова.

Әншінің бұл пікірі әлеуметтік желіде талқыланып, бірқатар қолданушы оның сөзін қолдады. Олар тойдағы кейбір дәстүрлердің отбасылық жанжалға себеп болмауы керегін жазды. 

Источник: Skif News · Сағыныш Назар