Канье Уэсттің концертінде қазақ тілі болмағаны үшін ұйымдастырушы жауапқа тартылды

08.10.2026 13:38 · В Мире

Канье Уэсттің концертінде қазақ тілі болмағаны үшін ұйымдастырушы жауапқа тартылды
фото: threads

Алматыдағы Канье Уэсттің концерті кезінде LED-экрандағы хабарламалардың қазақ тіліндегі нұсқасы болмағаны үшін First Media Group компаниясының басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Айбар Олжай әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Айбар Олжайдың мәліметінше, концерт барысында LED-экранда көрсетілген хабарламалардың мемлекеттік тілдегі нұсқасы болмаған. Осыған байланысты Алматы қаласының Ішкі саясат басқармасына өтініш жолданған.

Басқарманың ресми жауабына сәйкес, First Media Group директоры Альфия Ерсұлтанқызы Нұрғұмароваға қатысты әкімшілік іс қозғалған.

Компания басшысы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 75-бабының 3-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

«Алматыдағы Канье Уэст концерті бойынша LED-экрандағы хабарламалардың мемлекеттік тілдегі нұсқасының болмауына байланысты First Media Group директоры Нұрғұмарова Альфия Ерсұлтанқызына қатысты әкімшілік іс қозғалып, ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сол кезде жолданған өтінішке Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасынан осындай жауап келді. «Заң және Тәртіп» жүйесі нақты жұмыс істейді», – деп жазды Айбар Олжай.

Қандай жаза қарастырылған?

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 75-бабының 3-бөлігіне сәйкес, деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру жөніндегі талаптарды бұзғаны үшін ескерту түріндегі әкімшілік жаза қарастырылған. Бұл жағдайда айыппұл салынбайды.

Ал әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде осындай құқық бұзушылық қайталанса, кодекстің 75-бабының 4-бөлігі бойынша айыппұл көзделген.

Атап айтқанда, лауазымды тұлғалар мен шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 5 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 10 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін.

Осылайша, First Media Group басшысына қатысты қолданылған бап бойынша алғашқы құқық бұзушылық үшін айыппұл емес, ескерту қарастырылған.

Еске сала кетейік, тамыз айында Алматыда Канье Уэсттің концерті өткен еді. Алайда рэпер сахнаға шықпас бұрын стадионда жарық өшіп, соңы жауын мен дауылға ұласып, шоу бір күнге кешігіп өтті.

Источник: Курсив · Рауан Мутаир