Астанадағы автотұрақта бес көліктің өртенуіне бір көліктегі электр сымдардың тұйықталуы себеп болуы мүмкін. Бұл туралы қалалық ПД-ға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Біз бұған дейін Астанадағы автотұрақта бес көлік өртенгенін жазған болатынбыз – өрт салдарынан екі көліктің иесі зардап шекті.
NUR.KZ тілшісі оқиғаның себебін анықтау үшін Астана қалалық полиция департаментіне хабарласты.
"Алдын ала мәліметтерге сай, көліктердің бірінде электр сымдары тұйықталып, соның салдарынан өрт шыққан. Өрттің нәтижесінде төрт көлік толығымен жанып кетті, тағы біреуі ішінара зақымданды. Бір адам қажетті медициналық көмек көрсету үшін ауруханаға жеткізілді.
Оқиғаның барлық мән-жайы, өрттің шығу себептері, сондай-ақ келтірілген шығын көлемі анықталуда. Тексеру нәтижелері бойынша тиісті құқықтық баға беріледі", – делінген хабарламада.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Источник: Nur.kz · Айтолқын Адырбай
