Медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру қағидалары жаңартылды

14.10.2026 04:19 · Человек и Закон

Медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру қағидалары жаңартылды

Денсаулық сақтау министрі 2026 жылғы 6 қазандағы бұйрығымен Медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру қағидаларын жаңа редакцияда бекітті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Денсаулық сақтау ұйымдары, сондай-ақ жеке медициналық практикамен және фармацевтикалық қызметпен айналысатын жеке тұлғалар (денсаулық сақтау субъектілері) медициналық қызметті бастамас бұрын медицина қызметкерлерінің, резидент-дәрігерлер мен интерн-дәрігерлердің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру шартын жасасады.

Медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру бірыңғай сақтандыру пулының қатысушыларымен (пул әкімшісі) жасалатын бірлесіп сақтандыру шарты негізінде жүзеге асырылады.

Шарт пул әкімшісінің интернет-платформасындағы жеке кабинет арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, электрондық нысанда рәсімделеді. Мемлекеттік ұйымдар үшін қосымша бірыңғай сатып алу платформасы қолданылады.

Бірлесіп сақтандыру шарты мемлекеттік денсаулық сақтау субъектілерімен жыл сайын бір қаржы жылына, ал мемлекеттік емес денсаулық сақтау субъектілерімен бір жылға жасалады. Шарт сақтандыру мерзімі бойы қолданылады және алғашқы сақтандыру жағдайы туындағаннан кейін күшін жоймайды. Егер мемлекеттік денсаулық сақтау субъектісімен шарт қаржы жылы басталғаннан кейін жасалса, ол жасалған күннен бастап тиісті қаржы жылының 31 желтоқсанына дейін қолданылады.

Сақтандыру объектісі – медициналық қызмет нәтижесінде пациенттің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеуге байланысты медицина қызметкерлерінің мүліктік мүдделері. Мұндай зиянның келтірілгені Тәуелсіз сараптама комиссиясының қорытындысымен немесе заңды күшіне енген сот актісімен расталса, ол сақтандыру жағдайы деп танылады. Медициналық инциденттің өзі сақтандыру жағдайы болып саналмайды.

Пул қатысушысының шарт жасасудан бас тартуына жол берілмейді. Сақтандыру қорғанысы сақтандыру сыйлықақысы төленген күннен кейінгі тәуліктің сағат 00:00-інен бастап күшіне енеді.

Сақтандыру сыйлықақыларының ең төменгі мөлшері қағидаларға қосымшада белгіленген. Интерндер мен резиденттерді сақтандыру денсаулық сақтау субъектісі төлеген сомалар шегінде жүзеге асырылады және қосымша сыйлықақы төлеуді талап етпейді. Сыйлықақы пул әкімшісінің арнайы шотына бес жұмыс күні ішінде біржолғы төлеммен аударылады. Мемлекеттік ұйымдар үшін бұл мерзім 90 күнтізбелік күнге дейін белгіленген.

Сақтандыру төлемдерін пул әкімшісі шешім қабылданғаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде жүзеге асырады. Төлем мөлшері Кодекстің 270-4-бабында айқындалған.

Төлем алу үшін мына құжаттар топтамасын ұсыну қажет:

  • Тәуелсіз сараптама комиссиясының шешімі немесе пациенттің не оның заңды өкілдерінің талап қоюы бойынша шығарылған сот шешімі;
  • пациенттің немесе оның заңды өкілінің өтініші не талап арызы;
  • сақтанушының медициналық қызметті жүзеге асыру құқығын растайтын құжат;
  • қызметкердің еңбек қызметін растайтын құжаттар;
  • пациенттің ауру тарихы;
  • қайтыс болу туралы куәлік немесе анықтама;
  • мүгедектікті немесе еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесін белгілеу жөніндегі медициналық-әлеуметтік сараптама қорытындысы;
  • организм функцияларының тұрақты бұзылуы мен сақтандыру жағдайы арасындағы себеп-салдарлық байланысты растайтын құжаттар (пациент қайта куәландырудан өтіп, оған мүгедектіктің неғұрлым жоғары тобы белгіленген жағдайда ұсынылады);
  • пациенттің ауруына байланысты нақты шығындарының төленгенін растайтын қаржылық құжат;
  • сақтандыру төлемін алу құқығын растайтын құжат;
  • сақтанушының, сақтандырылған адамның қорғануға жұмсаған нақты шығындарын растайтын құжаттар;
  • сақтандыру төлемін аударуға арналған толық банк деректемелері көрсетілген, сақтандыру төлемін жүзеге асыру туралы өтініш;
  • интерн-дәрігердің немесе резидент-дәрігердің интернатурада не резидентурада оқу кезеңінде тиісті ғылыми-практикалық базада даярлықтан өтіп жатқанын және сақтандырылған адамдар тізіміне енгізілгенін растайтын оқу шарты немесе өзге құжат.

Пациенттің денсаулығы нашарлаған немесе ол қайтыс болған жағдайда, бұрын төленген қаражат ескеріле отырып, төлем сомасы қайта есептелуі мүмкін. Алайда ол белгіленген шектен аспауға тиіс.

Сақтанушы пайда алушыға дауды реттеу және сақтандыру төлемі жүзеге асырылғаннан кейін пациенттің денсаулық сақтау субъектісі мен медицина қызметкеріне қоятын талаптарының жоқтығы туралы келісімді жолдайды.

Шарт Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қолданылады. Сақтандыру денсаулық сақтау субъектілерінің қаражаты есебінен қаржыландырылады.

Бірлесіп сақтандыру шарты мына жағдайларда тоқтатылады:

  • сақтандыру объектісі жойылғанда;
  • сақтандыру жағдайының туындау мүмкіндігі жойылып, сақтандыру тәуекелі сақтандыру жағдайынан өзге мән-жайларға байланысты тоқтағанда;
  • сот бірлесіп сақтандыру шартын жарамсыз деп тану туралы шешім қабылдағанда;
  • бірлесіп сақтандыру шартының мерзімі аяқталғанда;
  • тараптардың келісімі бойынша шарт бұзылғанда;
  • сақтанушының бастамасымен шарт бұзылғанда;
  • сақтанушы сақтандыру сыйлықақысын белгіленген мерзімде төлемегенде немесе заңнамада көзделген өзге де жағдайларда сақтандырушының бастамасымен шарт бұзылғанда.

Сондай-ақ медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін бірлесіп сақтандырудың үлгілік шарты жаңартылды.

Бұйрық 23 қазаннан бастап күшіне енеді.

Бұған дейін Қазақстанда медицина қызметкерлерін кадрлық есепке алу тәртібі өзгеретінін хабарлаған едік.

Сондай-ақ Қазақстанға қанша дәрігер қажет екенін жазған болатынбыз.

Источник: Zakon.kz · Айгерим Тарина