Танымал журналист Гүлмира Әбіқайдың жағдайы өте төмен қазақ отбасын зиярат етіп барған видеосы тарады. |
Ақпаратты журналист әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады, деп жазды Caravan.kz медиа порталы.
Халық журналисттің әрекетіне ризашылық білдіріп, көмектерін көрсетуде.
Гүлмира Әбіқай жүрегі езіле отбасының мұң-мұқтажын жазды. Жарымжан әулет шаһар ортасында тұратыны айтылды.
- Жыртық үйдің Құдайы бар
Алып шаһар ортасында бұл үйдің өлеусіреп
жанған шамы әрең көрінеді. Ішіне енгеннен осы мақал есіме түсе берді.
Ене, ұл мен келін. Үшеуінің қоғамнан сырт қалғаны сондай бүгін қай ай, қай күн, ел мен әлемде не болып жатқанынан бейхабар. Оларға ақпараттың қажеті де жоқ. Бұл шаңырақта әлеуметтік желі қолданбайды.
Үйдегі жалғыз есі бар Шырынкүл. Бала кездің естелігі бұлдыр. Әкесі маскүнем үнемі ішіп жүрді, анасы таяқ жеді. Әр жерде қашып-қонып, әркімнің есігінде түнеді. Тағдыр айдап Алматыға келіп өзі сынды Мадиярмен тағдыр қосты. Екі жарты бір бүтін.
Ауыз суды Мадияр 2 шақырым жерден баклашкамен тасиды. Кір-қоңға арықтағы шалшық суды қолданады.
Үйдегі жалғыз табыс көзі Құндыз әжеміздің пенсиясы 32 мың теңге. Шырынкүл келін оны 30 күнге қажет нан мен тағамға бөліп қояды. 1 кило қантқа артық ақша жоқ. Оны табу үшін күйеуімен бірге жақын маңдағы қоқысты аралайды. Сырадан қалған темір құтыны өткізеді. 1 килосы 100 теңге. Аптасына 4-5 кило қаңылтыр тапса қуанады.
Үшеуі де Қазақстан азаматы, құжаттары дұрыс. Еш Әлеуметтік көмек алмайды, мүгедектік зейнетақы да жоқ.
Есесіне, сондай қанағатшыл, тәубесі бар. Жан баласы жайлы жамандық ойламайды, ниеттері түзу, ойы аңғал.
Түнде пост салғаннан бері мыңдаған
оқырманым жанашырлығын айтып пікір қосуда. Дегенмен, дәл қазір комменттен гөрі қаржылай қолдау қажет.
Сбор ашылды, есеп сториста!
Дегенмен, жиылған қаржы Алматыдан үй алуға жетпейді.
Достар, бір ауыздан тағы бір жұмылып сауапты іске атсалысып, жазбаны таратайық.
“Жыртық үйдің құдайы бар” демекші 3 адамның өмірін жарқын жаққа өзгертуге асығайық, — деп журналист көптің еркіне салды.