«Қорғай алмаса, неге миллион алады?»: Гүлзира Шымкентте болған дүрбелеңге пікір білдірді

12.10.2026 10:09 · Персонально

«Қорғай алмаса, неге миллион алады?»: Гүлзира Шымкентте болған дүрбелеңге пікір білдірді

Әнші Қайрат Нұртастың анасы Гүлзира Айдарбекова Шымкентте өткен концертте болған дүрбелеңге қатысты пікір білдірді. Ол көрермендердің қауіпсіздігіне жауапты тараптардың жұмысын сынға алып, әлеуметтік желіде наразылығын жеткізді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Гүлзира Айдарбекова өз жазбасында концерт кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне тоқталып, жауапты адамдардың міндетіне назар аударды.

«Күлгендердің басына еселеп келсін, Алла күлкісін тия алмайтындай етіп. Ұйымдастырушы емес, сақтыққа күзеттер жауап беру керек. Біреуге жаба салу – ең оңай тәсіл. Қорғай алмаса, пәлен млнды неге алады екен?» – деп жазды ол.

Айта кетейік, 10 қазанда Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда Қайрат Нұртастың концерті өткен. Іс-шараға кіреберісте көрермендер шамадан тыс көп жиналып, кептеліс туындаған. Оқиға түсірілген бейнежазбалар әлеуметтік желілерде кеңінен тарады.

Шымкент қалалық полиция департаментінің мәліметінше, концерт кезінде қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Көрермендердің шамадан тыс көп жиналуы салдарынан 18 жастағы бойжеткен зардап шегіп, ауруханаға жеткізілген. Полицияның хабарлауынша, ол дәрігерлердің бақылауында болған.

Сонымен қатар құқық қорғау органдары әлеуметтік желілерде тараған адам өлімі туралы ақпаратты жоққа шығарды. Ресми мәліметке сәйкес, оқиға кезінде ешкім қаза таппаған.

11 қазанда полиция концертті ұйымдастыруға жауапты, 1984 жылы туған Л. есімді азаматтың ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады. Қазіргі уақытта аталған іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Полиция өкілдерінің мәлімдеуінше, тергеу қорытындысы бойынша ұйымдастырушылардың әрекетіне құқықтық баға беріліп, тиісті процестік шешім қабылданады.

Источник: Skif News · Назым Сапар