2026 жылғы 5 қазанда Президент Әкімшілігіндегі жаңа тағайындау туралы белгілі болды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Ақорданың мәліметінше, Мемлекет басшысының өкімімен Азамат Несіпбайұлы Есқараев Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік-құқық бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды.
Ол бұған дейін атқарған Қазақстанның Үндістандағы, Бангладеш Халық Республикасындағы, Бутан Корольдігіндегі, Мальдив Республикасындағы және Непалдағы елшісі лауазымдарынан босатылды.
Азамат Есқараев 1979 жылы Алматыда дүниеге келген. 2000 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірген.
Еңбек жолын 1996 жылы Алматыдағы ДЭЗ-2 мекемесінде жұмысшы болып бастаған. 2000 жылы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Заңнама департаментінің жетекші маманы болып қызметке кіріскен. Кейін министрлікте түрлі лауазымдарды атқарған, соның ішінде Талдау және стратегиялық жоспарлау департаментінің директоры, Заңнама департаментінің директоры болған.
2005–2006 жылдары Алматы әкімінің бас инспекторы, 2006–2007 жылдары "Қазына" орнықты даму қоры" АҚ Заң қызметі департаментінің бас менеджері болып жұмыс істеген.
2014–2023 жылдары ҚР Премьер-министрі Кеңсесінің Заң бөлімі меңгерушісінің орынбасары, меңгерушісі лауазымдарын атқарған.
Елші болып тағайындалғанға дейін Қазақстанның Әділет министрі болған.
Сондай-ақ бүгін президент Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қарулы Күштері Бас штабының бастығын және Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – Айрықша мақсаттағы күштердің қолбасшысын тағайындады.
Источник: Zakon.kz · Айгерим Тарина
