Ақтөбеде тергеу изоляторына телефонды донерге жасырып өткізбек болған

16.10.2026 10:34 · Человек и Закон

Ақтөбеде тергеу изоляторына телефонды донерге жасырып өткізбек болған

Ақтөбеде 31 жастағы азамат тергеу изоляторына донердің ішіне жасырылған телефонды өткізбек болған, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оқиға 2026 жылғы 15 қазанда Ақтөбе облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №70 тергеу изоляторында болған. "Қадағалау" режимдік-профилактикалық іс-шарасы кезінде мекеменің режимдік және жедел бөлім қызметкерлері айыпталушыға арналған сәлемдемені тексерген.

Тексеру барысында донердің ішінен қара түсті Nokia телефоны табылған. Сәлемдеме ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 1-бөлігі бойынша ісі қаралып жатқан азаматқа арналған.

Телефон тәркіленіп, оны мекемеге өткізбек болған 31 жастағы азамат ұсталды. Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, материалдар сотқа жолданды.

Ақтөбе облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мекемелерде режим талаптарының сақталуын қамтамасыз ету және тыйым салынған заттардың ішке өтуіне жол бермеу жұмыстары тұрақты жүргізілетінін мәлімдеді.

Департамент азаматтарды заң талаптарын қатаң сақтауға шақырып, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне тыйым салынған заттарды өткізуге әрекет жасағандар заңға сәйкес жауапқа тартылатынын ескертті.

Источник: Zakon.kz · Айгерим Тарина