Семейде өз баласын тірідей қоқыс жәшігіне тастаған әке сотталды

15.10.2026 18:37 · Человек и Закон

Семейде өз баласын тірідей қоқыс жәшігіне тастаған әке сотталды

Семейде өз баласын тірідей қоқыс жәшігіне тастаған әке өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Бейкүнә баланы өмірге әкелген анасының да қылмысқа қатысы бар болып шықты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Аталған оқиға биыл ақпан айында болған. Қоқыс контейнерінен сүлгіге оралған шақалақтың денесі табылған. 21 жастағы қыз туған-туысынан жүктілігін жасырып, сәбиді үйінде босанған. Кейін ол баланың өлі туғанын айтып ақталған көрінеді. Бірақ сотта шақалақтың суықтан үсіп өлгені дәлелденді. Тергей келе, оны әкесі істеген болып шықты. Сондай-ақ қыз бен жігіт ішкі істер органында жұмыс істеген. Судья екеуін де шенінен айырды. Келіншекке екі жыл түрме жазасы тағайындалғанымен, ол рақымшылыққа ілінді. Ал 26 жастағы әкесі қалған өмірін енді түрмеде өткізеді, деп хабарлайды КТК.

"Бас бостандығынан айыру жазасын қылмыстық атқару жүйесінің төтенше қауіпсіз мекемесінде өтесін. Қылмыстық кодекстің 49‑бабының 1-бөлігіне сәйкес, Советқазы полиция аға лейтенанты шенінен айырылсын. Сотталған Советқазыға қолданылған күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы өзгерісссіз қалдырылсын". Нияз Хасенбаев, судья

Бұған дейін Ақмола облысында шахтадан екі ер адамның денесі табылғаны хабарланған.

Источник: Zakon.kz · Кәмшат Сатиева