Танымал әнші Қайрат Нұртас Шымкенттегі концертте болған жағдайды сынаған блогерге жауап берді. Өнер иесі блогердің жазбасын орынсыз деп санап, әлеуметтік желіде пікір қалдырды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бұған дейін әлеуметтік желіде бір блогер Қайрат Нұртастың Шымкенттегі концертіне қатысқанын айтып, көрермендердің әрекетіне наразылық білдірген еді.
Оның айтуынша, концерт барысында жиналған жұрт арасында итерісу мен дүрбелең болған. Кейбір адамдар бір-біріне айқайлап, шаштан тартқан, тіпті басқаларды таптап кете жаздаған.
Сонымен қатар блогер концертте адам қаза тапты деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын атап өтті. Дегенмен оның мәлімдеуінше, бірнеше көрермен медициналық көмекке жүгінген. Сондай-ақ оқиғадан кейін 18 жастағы қыздың ауруханада қалғанын айтқан.
Жазба авторы жұртты бос уақытын білім алуға, кітап оқуға, спортпен айналысуға және театрға баруға арнауға шақырған. Алайда бұл пікір әнші Қайрат Нұртасқа ұнамаған көрінеді. Ол блогердің жазбасына пікір қалдырып, өз ойын қысқа жеткізді.
«Шектен шығып кеттің. Онда шетелдік әртістердің концертіне барыңдар», – деп жазды әнші.
Осылайша, Қайрат Нұртас өз концертіндегі жағдайды сынаған блогердің жазбасына ашық жауап берді.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкент полициясы әншінің концертіне қатысты жалған ақпарат таратты деген күдікке ілінген әйелдің анықталғанын хабарлаған. Аталған іс бойынша материалдар сотқа жолданған.
Источник: Skif News · Назым Сапар
