Рудный қаласының тұрғыны көлік жүргізу құқығы болмаса да, екі рет рөлге отырып, екі жолы да полицияға ұсталды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қостанай облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі 2026 жылғы 8 қазанда оқиғаның мән-жайын хабарлады. Полицейлер әлеуметтік желілерді бақылау барысында BMW жүргізушісінің "Қаз 18 – Қостанай – Мамлютка" автожолына шығатын тұстағы көлік тұрағында дрифт жасаған видеосын анықтаған.
"Жүргізушінің кім екені анықталды. Ол Рудный қаласының 27 жастағы тұрғыны болып шықты. Тексеру барысында ер адамның қауіпті маневрлер жасап, жол жабынын бүлдіргені белгілі болды. Сондай-ақ оның көлік басқару құқығы болмаса да, бір жыл ішінде екінші рет рөлге отырғаны анықталды. Бұдан бөлек, сот оны ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты", – деп хабарлады полиция.
Ер адам анықталған барлық құқықбұзушылық бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оған салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 130 мың теңге болды.
Бұған дейін Алматыда әл-Фараби даңғылында қауіпті маневрлер жасап, көлік жүргізген екі жүргізуші әкімшілік қамауға алынған еді.
Источник: Zakon.kz · Айгерим Тарина
