Астанада 3 келіден астам мефедрон тәркіленді

07.10.2026 06:24 · Человек и Закон

Астанада 3 келіден астам мефедрон тәркіленді

Астанада есірткінің ірі партиясын елордаға жеткізу әрекетінің жолы кесілді. Есірткі таратты деген күдікпен 20 жастағы ер адам мен 18 жастағы қыз ұсталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері елордаға кіреберістегі бекеттердің бірінде күдіктілер отырған KIA автокөлігін тоқтатқан.

Көлік салонын тінту кезінде ішіне екі вакуумдалған пакет салынған қорап табылды. Пакеттерде ақ түсті ұнтақ тәрізді зат болған. Сараптама нәтижесінде оның мефедрон екені анықталды. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 2 келіні құрады.

Сонымен қатар күдіктілер тұрған пәтерді тінту барысында полицейлер тағы 1 келіге жуық осындай затты, сондай-ақ оны өлшеуге және орауға арналған заттарды тапты.

Жалпы салмағы 3 келіден асатын барлық заттай дәлелдемелер тәркіленді.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Екі күдікті де уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Полиция есірткіні жеткізу және тарату арналарын анықтап, олардың жолын кесу жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Источник: Zakon.kz · Айгерим Тарина