TikTok-тағы пікірі үшін қазақстандық 7 тәулікке қамалды

07.10.2026 05:27 · Происшествия

TikTok-тағы пікірі үшін қазақстандық 7 тәулікке қамалды

Шымкенттік азамат TikTok әлеуметтік желісінде ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапқа тартылды, деп хабарлайды қалалық сотқа сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Шымкент соттарының Telegram-дағы арнасында хабарланғандай, 2 қазанда ер адам TikTok әлеуметтік желісінде азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне тиетін пікір қалдырып, айналасындағыларға құрметсіздік танытып, қоғамдық тәртіпті бұзған.

Іс Шымкент қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігі бойынша (ұсақ бұзақылық) қаралған.

"Құқық бұзушының кінәсі хаттамамен және іс бойынша жинақталған басқа құжаттармен дәлелденеді. Сотта құқық бұзушы кінәсін мойындап, өзіне жеңіл жаза тағайындауды сұрады", – делінген хабарламада.

Сот құқық бұзушының бұрын әкімшілік жауапкершілікке тартылмағанын, кінәсін мойындағанын назарға алған.

"Сот істің мән-жайларын, құқық бұзушының жеке басын ескере отырып, Д.-ны ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, оған 7 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза тағайындады", – делінген хабарламада.

Сот қаулысы заңды күшіне енбеген.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз

Источник: Nur.kz · Гүлмира Ерубаева