Өскемендегі кафелердің бірінде келуші өзіне әдепсіз әрекеті үшін ескерту жасаған 40 жастағы ер адамға ауыр жарақат салған. Ол алған жарақаттарынан қайтыс болды. Кейін марқұмның полиция қызметкері екені белгілі болды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тарады. Жарияланған бейнежазбаларда қала көшелерінің бірінде болған төбелес көрсетілген.
Сондай-ақ куәгерлер полицияның автокөліктерді тексеріп жатқан сәтінен бейнежазбалар жариялады. Тәртіп сақшылары, соның ішінде Үлбі көпірінде, көліктерді тексеріп, жүргізушілердің құжаттарын қараған.
Осыған байланысты әлеуметтік желілерде полиция қызметкерінің өлтірілгені туралы ақпарат тарады. Сонымен қатар күдіктіні іздеу үшін "Тосқауыл" жоспары жарияланған болуы мүмкін деген болжамдар айтылды.
Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті адам өлімі болғанын растады. Ведомство өкілдері 2026 жылғы 5 қазанда Zakon.kz тілшісіне оқиғаның 4 қазанға қараған түні Өскемендегі мекемелердің бірінде болғанын хабарлады.
"4 қазанға қараған түні Өскемендегі мекемелердің бірінде келуші әдепсіз әрекеті үшін өзіне ескерту жасаған 40 жастағы жергілікті тұрғынға дене жарақатын салған. Ол алған жарақаттарынан қайтыс болды. Күдіктінің әрекетінен тағы бір келуші зардап шекті", – деп мәлімдеді ШҚО Полиция департаменті.
Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция марқұмның құқық қорғау органдарында қызмет еткенін растады. Алайда оқиға болған кезде ол қызметтік міндетін атқарып жүрмеген.
"Тергеу жалғасып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді", – деп хабарлады полиция.
Бұған дейін Өскемендегі көпқабатты үйлердің бірінде тағы бір қайғылы оқиға болған еді. 61 жастағы ер адам тоғызыншы қабаттан құлап, қаза тапты.
Источник: Zakon.kz · Айгерим Тарина
