Euronews телеарнасының хабарлауынша, ұйымдастырушылар билеттердің ақшасын 12 қазаннан бастап қайтаруға уәде берді.
Канье Уэсттің екі концерті 10 және 11 қазанда Петербургтағы "Газпром Аренада" өту керек болған. Ұйымдастырушы – мәскеулік Say Agency агенттігі билеттерді сата бастағанымен, іс-шара қала билігімен келісілмегені белгілі болды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Санкт-Петербургте концерт өтетіні туралы ақпарат тамыз айының ортасында тараған. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, сол кезде шамамен 100 мың билет сатылған.
Кейін Санкт-Петербургтегі "Газпром Арена" стадионының әкімшілігі рэпердің концерттерін қабылдамайтынын мәлімдеді. Оған жалға алу туралы келісімшартқа қол қойылмағанын себеп ретінде келтірген. Алайда іс-шараны ұйымдастырушы бұл мәлімдемеге қарсылық білдірді.
Енді Say Agency екі концерттің де тоқтатылғанын ресми түрде растады. Алайда промоутер концерттердің не себепті тоқтатылғанын нақтыламады. Компания жанкүйерлерге "жобаның мәртебесі мен алдағы жоспарлары" туралы қосымша ақпарат беретінін айтты.
Айта кетейік, Канье Уэсттің концерті Алматыға 5 млрд теңге пайда әкелді. Алматы қаласы туризм басқармасының мәліметінше, ауқымды концертке байланысты стадионда 31 мың көрермен жиналды. Оған 50-ден астам елден шамамен 7700 турист келген. Олардың 2 мыңға жуығы концертке арнайы келген шетелдік жанкүйерлер.
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ
Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Источник: Inbusiness · Әсем Қабылбекова
